2016 жылғы 5 шілде , Астана қаласы
«Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия және пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар туралы ережелерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 21 сәуірдегі №472 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы
«Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 50-бабының 2- тармағына сәйкес бұйырамын:
1. «Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия және пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар туралы ережелерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 21 сәуірдегі №472 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №11200 болып тіркелген, 2015 жылғы 18 маусымда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ережеде 46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«46. ҚР ҚМК пленарлық отырысының хаттамасы отырыс өткен күннен бастап он төрт жұмыс күні ішінде әзірленеді. Хаттамада Сараптамаға ұсынылған есептің материалдары туралы мәліметтер, сараптама барысында анықталған ескертулер, ҚР ҚМК шешімі және олардың ұсыныстары қамтылады.
ҚР ҚМК пленарлық отырысының қорытындысы бойынша хаттамада мынадай индекстердің бірінде шешім көрсетіледі:
барлау жөніндегі жұмыстары аяқталмаған жер қойнауының учаскелері бойынша жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған аралық есептердің қорытындылары бойынша:
«П» индексі, алдын-ала бағаланған пайдалы қазбалар қорының көлемі назарға алынды дегенді білдіреді;
бағалау жұмыстарын жүргізу нәтижесі бойынша жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған қорытынды есеп бойынша:
«У» индексі, пайдалы қазбалар қоры бекітілгенін және Мемлекеттік теңгерімге қоюға тиіс екенін білдіреді.
ҚР ҚМК пленарлық отырысының хаттамасына қол қойылған күннен бастап «У» индексі бар тиімді (шығарып алынатын) қорлар бойынша коммерциялық табу расталған деп есептеледі.».
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті (Нұрабаев Б.К.) осы бұйрық қолданысқа енгізілген күннен бастап 6 ай ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың тиісті өтініштері бойынша «Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия және пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар туралы ережелерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 472 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия және пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар туралы ереженің 46-тармағына сәйкес қорларды есептеу жөніндегі бұрын қабылданған шешiмдерді индекстерді беру бөлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен қайта рәсімдеуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті (Б.Қ. Нұрабаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электронды түрде жіберуін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму
министрі Ж.ҚАСЫМБЕК
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
____________ Қ. Бозымбаев
2016 жылғы 1 тамыз
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 29 тамызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №14173 болып енгізілді.